Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы өсімнің жоғары екенін, сондай-ақ өңірдің мәдениет саласы да жақсы дамып келе жатқанын айтты. "Семей қаласы қырық жыл бойы ядролық сынақ өткізу орны болып, соның салдарынан көптеген адам зардап шеккен өңірде орналасқан. Бүгінде қаланың медициналық мекемелері мен олардың жабдықталуы Қазақстандағы ең үздіктердің қатарында саналады. Мен елдегі онкологиялық ауруларды емдеуге арналған бірден-бір радиологиялық орталықты аралап көрдім. Осындай орталық Астанада да салынатын болады. Диагностика және емдеу ісінде енгізіліп жатқан радиологиялық әдіс еліміздің көптеген азаматтарына көмек көрсетуге мүмкіндік береді", - деді мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті республиканы көлік және инфрақұрылымдық тұрғыдан одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.
"Қазіргі уақытта біз «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудамыз, оның аясында әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді жоспарлап отырмыз. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырып, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын ілгерілетудеміз. Халық бұл бастамаларды, Қазақстандағы тұрақтылық пен бірлікті қолдап отыр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына табыс және бақ-береке тіледі.
Қазақстан жаңалықтары АА.