Біріккен Ұлттар Ұйымының соғыс пен бейбiтшiлiк, тұрақты бейбiт өмiр мен ғаламдық даму мәселелерiн шешуге бағытталған жалғыз әмбебап ұйым ретiндегi әлемдiк рөлiн нығайту қажет. Бұл туралы бүгiн Ақордада Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесу барысында ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
«Биылғы жылы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл толмақ ХХI ғасырдың қауiп-қатерлерi барлық елдердiң БҰҰ-ның соғыс пен бейбiтшiлiк, тұрақты бейбiт өмiр мен ғаламдық даму мәселелерiн шешуге бағытталған жалғыз әмбебап ұйым ретiндегi әлемдiк рөлiн нығайту қажеттiгiн көрсетеді. Ядролық қауiп-қатер – бүгiнгi күннiң күрделi мәселелерiнiң бiрi», - деген Мемлекет басшысы жалпыға ортақ ядролық қарудың таралуына жол бермеу туралы әмбебап жаңа келiсiмдi жасаудың өзектiлiгiн ескерттi.

«Қазақстан өз тарапынан ядролық қаруды таратпау бойынша жүйені нығайтуға өз күшiн салуды жалғастырады», - дейді Н.Назарбаев.
 

BNews.kz