Алматыда 2016 жылғы 4 – 6 қазан аралығында Азиядағы ядролық кооперация форумының (FNCA) «Радиациялық қауіпсіздік және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу» жобасы бойынша кезекті халықаралық жұмыс кеңесі өткізілді. Жиынға FNCA-ға қатысушы Бангладеш, Вьетнам, Индонезия, Қытай, Қазақстан, Малайзия, Моңғолия, Таиланд және Жапония сияқты бірқатар елдердің мамандары қатысты. Семинарды Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Жапонияның білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігі (MEXT) ұйымдастырды.

Үш күн бойы барлық қатысушы елдердегі ядролық және радиологиялық апаттық жағдайларға дайындық мәселелері және көму/ұзақ уақыт сақтау пункттеріндегі төмен және орташа активті РАҚ-тармен жұмыс істеу мәселелері ілгерілету, жақсарту және болашақты жоспарлау тұрғысында талқыланды.

Жоба үйлестірушісі Токио университетінің құрметті профессоры Тошисо Косако және Қазақстан бойынша FNCA үйлестірушісі ҚР ҰЯО РМК бас директоры Эрлан Батырбеков өз сөздерінде қарастырылып жатқан проблемалардың маңыздылығын және FNCA қызметінің қатысушы елдер халқының қауіпсіздігін одан әрі жақсартуға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға оң әсер ететіндігін атап көрсетті.

Жиын барысында Ядролық физика институтында институт мамандарының қатысуымен ашық отырыс өткізілді. Отырыста Бангладеш, Қазақстана, Таиланд және Жапонияның өкілдері қатысушы елдердің радиациялық қауіпсіздік және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселесіндегі тәжірибесін көрсететін баяндамаларын оқыды. Бұған қоса, Жапонияның Ядролық қауіпсіздікті зерттеу қауымдастығының қызметкері атом саласы үшін кадрлар даярлау жүйесі және шетелдік мамандардың Жапонияда тағлымдама алу мүмкіндіктері туралы баяндама оқыды. Қарастырылған барлық мәселелер бойынша белсенді әрі пайдалы пікірталастар жүргізілді.
 

ҚР ҰЯО