2014 жылғы 24 желтоқсанда Семей қаласында ҚР ҰЯО РМК бас директоры Эрлан Батырбековтің Семей қаласының қоғамдық ұйымдарының өкілдерімен және республикалық, облыстық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистерімен кездесуі болып өтті.
Эрлан Ғаділетұлы ҚР Ұлттық ядролық орталығының 2014 жылғы жетістіктері туралы айта келіп, Жапония, Франция, Бельгия елдерімен бірлесіп кәсіпорын қызметінің стратегиялық бағыттары саласында іске асырылатын жобаларға жете тоқталды.
Осы жылдың ірі әрі әлеуметтік маңызы жоғары жобаларының бірі – «Қазмырыш» ЖШС өнеркәсіп қалдықтары полигонын салуды іске асыруға ерекше көңіл аударылды. Аталған жобаны іске асыру «лас учаскелер» деп аталатын жерлерді неғұрлым тиімді қолданудың айқын куәсі болды.
«Тіпті пайдалану ешқашан жоспарланбаған жерлер де келесі жылы біздің елімізге шынайы пайда әкелетін болады», - деп атап өтті бас директор.
Кездесу барысында КТМ токамагі жобасы, ССП жерлерін радиоэкологиялық зерттеу, РКДО құрылысы және т.б. жөнінде сұрақтар қойылды.
Қатысушылар ҚР ҰЯО басшылығына ашық сұхбаты үшін ризашылықтарын білдіріп, алғыс ретінде Ұлттық ядролық орталық мұражайына кітаптарды табыс етті. Қазақстандық жас буын – Семей қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Семей қаласының, Талғар қаласының радиациялық деңгейін зерттеу және оларды салыстыру сипаттамасы» тақырыбындағы өз жұмысын ұсынды. Ол ҚР ҰЯО ғылыми қызметкерлеріне табыс етілетін болады.
Іс-шараның қорытындысы бойынша бұрынғы Семей сынақ полигоны проблемаларын шынайы сипаттау және үздік жарияланымға арналған жыл сайынғы конкурсқа қатысушылар марапатталды.
ҚР ҰЯО