19-20 қыркүйек аралығында, Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының ІІІ Спартакиадасы өткен болатын.

Жарыс кезінде спорттың бес түрінен 72 жиынтық медаль сарапқа салынды: мини-футбол, волейбол, армрестлинг, үстел теннисі мен шахмат. Спартакиадада 19 компаниядан 287 қызметкер сайысқа түсті.

Спартакиада-2015 кезінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, бокстан Олимпиада чемпионы, «Astana Arlans» клубының бас менеджері Серік Сәпиев, «Астана» ФК ойыншылары, «Astana Pro Team» велокомандасының өкілдері, «Қазақстан барысы» чемпионы Бейбіт Ыстыбаев, Паразия ойындарының күміс жүлдегері Ардақ Отарбаев, жас гроссмейстер Жансая Әбдімәліктер құрметті қонақ болды.

«Спортты насихаттау халқымыздың денсаулығына жасалған инвестиция болып табылады. Біз де осындай салауатты өмір салтын насихаттайтын шаралардан тыс қалмаймыз. Жас ұрпаққа өз тәжірибеміз, іс-әрекетіміз арқылы үлгі-өнеге боламыз», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ Жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас директоры Дархан Кәлетаев.

Қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» қоры Ұлттық Олимпиада, Паралимпиада комитеттеріне, Ұлттық спорт түрлері ассоциациясына, «Қазақстан барысы» турниріне, сондай-ақ бірқатар спорт федерацияларына демеушілік жасап келеді. Еліміздің үздік клубтарының басын қосқан «Астана» президенттік кәсіби спорт клубын құрып, қаржыландырып отыр.
 

Самұрық-Қазына