2017 жылы Қазақстанда «Токамак» термоядролық қондырғыны іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы Мәскеуде өткен ТМД экономикалық кеңесінде белгілі болды.
 

«Токамак» материалдарды энергетикалық жүктеме тәртібінде сынақтан өткізуге және зерттеуге арналған термоядролық қондырғыны елімізде 2008 жылы іске қоспақ болған. Алайда қаржы тапшылығына байланысты, кешенді толық қосу мәселесі кейінге шегерілді. Енді «Токамак» жобасына Ресей мен Беларусь мемлекеттері атсалыспақ.

«Токамак» эксперименталдық кешені Курчатовтағы ҚР Ұлттық ядролық орталығында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағында жұмыс істейтін болады. Қазір кешендегі жұмыстардың 80%-ы аяқталып қалған. Мәскеуде сондай-ақ ұйымның 2020 жылға дейінгі экономикалық даму бағыты мен мемлекеттер арасындағы халықаралық электробайланысы қызметін реттеу мәселелері талқыланды.

Сергей Лебедев, ТМД атқарушы хатшысы:

- 15-16 қазанда Астанада СІМ және ТМД мемлекет басшылары кездеседі. Күн тәртібінде бірнеше мәселелер талқыланып, ТМД аясындағы ынтымақтастықты дамытатын бірнеше құжаттарға қол қойылмақ.