Шығыс Қазақстан облысының түсті металлургия саласындағы 3 алып кәсіпорын басшысы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа кәсіпорындардың экономикасы жайында баяндады.

Мәселен, «Қазмырыш» АҚ-ның президенті Ник Поповичтің атап өтуінше, 3 жылдан кейін Тишинкада жаңа жер асты кеніші іске қосылатын болады. Ал «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Эдуард Огай Президентке Аягөз тұсында Ақтоғай тау-кен байыту кешенінің құрылысы жайында баяндады. Оның атап өтуінше, құрылыстың бірінші кезеңі аяқталуға жақын әрі келесі жылы мыс өндірісінің құрылысы басталады.
«Үлбі металлургиялық зауыты» бас директоры Юрий Шахвростовтың атап өтуінше, Фукусимадағы апаттан кейін уранның әлемдік бағасы құлдырап, жоғары шекті өнімге сұраныс төмендеп отыр. Дегенмен, мұндай қиындықтарға қарамастан кәсіпорын бірде-бір жұмысшысын жұмыссыз қалдырған жоқ. Бұған қоса, зауыттағы жалақы Өскемендегі ең жоғары айлық болуда.
Өз кезегінде Н.Назарбаев «ядролық энергияның» дамитындығын әрі Қазақстан атом электр стансасын салатындығын атап өтті және оған зауытты «тәртіпте» ұстау қажеттігін баса айтты.
Айта кетерлігі, халықаралық нарықтағы түсті металл бағасының құлдырауы Шығыс Қазақстан облысының сыртқы сауда айналымына әсер етуде. Өйткені, бұл өңірдің негізгі металлургиялық өнімдері экспортқа жөнелтіледі. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында сыртқы сауда айналымы өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмендеп отыр.

ҚазАқпарат