Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Созақ ауданына жасаған сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жұмағаливпен кездесті.

Онда олар Таукенттегі «Қанжуған» өндіріс аймағындағы «ПВ-5» кен өндіру орындарын аралап, жұмысшылармен тілдесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында аймақ басшысы Ж.Түймебаев: «Қазақстан уран өндіруде дүниежүзі бойынша үздіктердің қатарына енеді. Кәсіпорын мен кенішті аралау барысында өндірісте соңғы үлгідегі жаңа технологиялардың пайдаланатындығын көрдім. Біз ұлттық компаниямен ынтымақтаса отырып, ісімізді дамыта береміз. «Қазатомөнеркәсіп» ауданның ғана емес, облыстың да экономикасын ілгерілетуге үлес қосып келеді. Өндіріске қажетті көптеген заттар осы облыстан алынуда. Компанияның сұранысының нәтижесінде Шолаққорғанда жекелеген кәсіпорындар ашылып, өнім шығарып жатыр. Кәсіпорын қызметкерлерінің 70 пайызын, яғни, 7 мыңын Созақ ауданының тұрғындары құрайды. Мұндай ынтымақтастықты тереңдете беруіміз керек», - деді.

Өз кезегінде, А.Жұмағалиев кәсіпорынның Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесін баяндап, кәсіпорын тарапынан әлеуметтік нысандар салынғанын жеткізді.

«Жақында Елбасының қабылдауында болдым. Экономиканы оңтайландыру мен жекешелендіруге қатысты ұлттық компания өзіне міндеттемелер алған болатын. Соған сәйкес, «Қазатомөнеркәсіпке» қарасты 27 компанияны жекеменшікке өткіздік. Трансформацияны енгізудің нәтижесінде биыл 17 млрд. теңгеге үнем жасадық. Ал 2025 жылға дейін 136 млрд. теңгені үнемдеу жоспарда бар. Дегенмен, Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуға 2025 жылға дейін 79 млрд. теңге бөлетін боламыз. 2014 жылы біздің өнеркәсіп пен ОҚО әкімдігі арасында түзілген меморандум аясында өткен жылы жергілікті атқару органдарына қайтарымсыз түрде құны 1 млрд. 663 млн. теңге болатын 12 әлеуметтік нысан берілді. Одан бөлек, жаңа әлеуметтік нысандар салуға 800 млн. теңге бөлінді. Биыл жыл соңына дейін тағы 800 млн. теңге бөлу көзделуде. Қазақстан жылына 19 мың тонна уран өндіріп, бұл салада үздіктердің қатарына енді. Мұнда Созақ ауданынан алынатын құнды табиғи байлықтардың орны ерекше», - деді «Қазатомөнеркәсіп» басшысы.

Басқосу барысында екіжақты уағдаластықты одан әрі жалғастырып, нығайту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ арасында меморандум жасалды.

Әлеуметтік даму саласындағы қарым-қатынастарды нығайтып, қолдау көрсету, ондағы қызметкерлердің жұмыс орындары мен жалақысын қысқартуға жол бермеу, еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, оның ішінде жалақы берешегін өтеу бойынша жұмыстарды жандандыру, сонымен қатар, жергілікті қамтуды дамыту саласында қолдау көрсетуді көздейтін құжат қос тарапқа да пайдалы болмақ.

Айта кету керек, «Қазатомөнеркәсіпте» тағам ретінде қолданылатын ет өнімдерінің небәрі 38 пайызы жергілікті өнім. Ынтымақтастық келісімі кезінде Жансейіт Қансейітұлы аталған меморандум аясында кәсіпорында жұмыс істейтін 12,5 мыңнан астам жұмысшыны азық-түлікпен қамтуда Созақ ауданының жергілікті өнімдері тұтынылуы керектігіне тоқталды.

Бұл ретте, аймақ басшысы таяуда Созақтың 2600 бас қойы Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталғанын, яғни, мұндағы төрт түлік етінің дәмді де сапалы екенін мысал ретінде келтіріп, оны көптеп пайдалану қажеттігін айтты. 
 

Қазатомөнеркәсіп