Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының әкімі мен қазақстандық-канадалық «Инкай» бірлескен кәсіпорнының Бас директоры Дэррил Кларк аймақтың әлеуметтік саласының даму мәселелерін талқылады.
Жергілікті билік өкілдерімен кездесулер барысында Дэррил Кларк құрылтайшылары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және канадалық компания «Cameco Corporation» болып табылатын «Инкай» кәсіпорны Қазақстандағы кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі белсенді саясатын қолдайтындығын айтып өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Біз өндірістік нысандарымыз орналасқан аймақтың әлеуметтік дамуын қолдау мәселелеріне ерекше мән береміз. Әлеуметтік, спорттық-сауықтыру және тұрғын үй-коммуналдық сипаттағы нысандарды қалпына келтіру және жаңартуға көмек көрсетуге дайынбыз», - деді кәсіпорын басшысы.

Аудан әкімі өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлермен өзара тиімді байланыстар орнатып, өзгертулер мен жаңа әлеуметтік бағдарламаларды талап ететін келелі мәселелерді анықтауға дайындығын білдірді. Нақты айтқанда, бұндай шаралардың қатарына төтенше жағдайлармен байланысты іс-шаралар, ардагерлер, мүгедектер қоғамдық ұйымдары мен балалар үй-интернаттарына көмек көрсету, мәдени жобаларды, спорттық және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, аймақтың заманауи әлеуметтік инфрақұрылымын жасақтау және т.б.

Айтып кету керек, «Инкай» бірлескен кәсіпорнының ұжымы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын тойлаудан тыс қалған жоқ. Мереке қарсаңында Дэррил Кларк аудан орталығындағы Ардагерлер үйіне арнайы құттықтап барды. Оларға естелік сыйлықтар тапсырып, материалдық көмек көрсетті. Сонымен қатар Д. Кларк жуыр арада ардагерлердің тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізуге уәде берді.
 

ҚазАқпарат