Парниктік газдардың таралуын қысқарту бойынша еліміздің міндеттемелерін орындау үшін Қазақстанда «жасыл» технологиялар мен көміртекті нарықты дамыту қажет, деп мәлімдеді бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының парниктік газдардың таралуын азайту бойынша 2021-2030 жылдарға арналған ұлттық міндеттемелері» атты семинар барысында ҚР энергетика министрі Владимир Школьник.

 


Министр атап көрсеткендей, Қазақстан жаһандық климаттың өзгеру өсімінің қарқынын ұстап тұруға өз үлесін қосуда. 2030 жылға қарай ауаны ластайтын газдардың таралуын 1990 жылмен салыстырғанда шартсыз мақсат ретінде 15%-ға, шартты мақсат ретінде 25%-ға азайтуды жоспарлануда.

 


«Бұл - өз кезегінде декорбанизация шаралары, инновациялық «жасыл» технологияларды енгізу және ішкі көміртекті нарықты дамыту арқылы ұлттық экономиканы көміртектен азайту бойынша кешенді шараларды жасауды талап ететін өте үлкен міндеттер», - деп есептейді В.Школьник.

 


Ол Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жаһандық экономиканың тұрақтылығына қол жеткізу бойынша, соның ішінде ЕҚЫҰ аясында «жасыл» теxнологияларды дамыту және инвестициялық жобаларды қолдау бойынша xалықаралық орталықты Астанада құру жөніндегі ұсынысы әлемдік қауымдастықтың жоғары бағасына ие болғанын еске салды.

 


Осыған орай, ведомство басшысының айтуынша, ҚР Энергетика министрлігі ҚР Президенті жанындағы «жасыл» экономика кеңесінде Лима қаласында (Перу) өткен 20-шы конференцияда қабылданған шешімді, парниктік газдарды азайту бойынша ұлттық міндеттемелерді тағы бір талқылаудан өткізді.


Семинар жаңа климаттық келісімге арналған парниктік газдардың таралуын қысқарту бойынша ҚР ұлттық міндеттемелерін таныстыру және ауаның ластануын реттеу саласындағы заңнама негіздерін жетілдіру бойынша ұсыныстар жасау мақсатында өткізілуде.

www.primeminister.kz