2017 жылдың 12-15 қыркүйегі аралығында Алматы қаласында Ядролық физика институтының 60-жылдығына арналған «Ядролық ғылым және технологиялар» халықаралық ғылыми форумы өтті. 60 жыл ішінде Ядролық физика институты ядролық және радиациялық физика, ядролық реакторлар және зарядталған бөлшектер үдеткіштері физикасы, қатты дене физикасы, радиациялық материалтану, радиоэкология, радиохимия, радиофармацевтика мен ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеу саласындағы әлемге танымал ғылыми орталық болып қалыптасты.
Ядролық физика, атом энергетикасы, радиациялық материалтану, радиациялық экология және ядролық медицина салаларындағы әлемнің көптеген елінен келген жетекші мамандар, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері Халықаралық консультациялық кеңес пен Форумның ұйымдастыру комитетінің құрамына енді.
Форум ғылыми қауымдастық үшін маңызды бірнеше оқиғаны – «Ядролық және радиациялық физика» атты дәстүрлі 11-ші Халықаралық конференцияны, «Ядро-2017» Халықаралық конференциясын және «Ядролық ғылым және оның қолданылуы» атты 8-ші Еуразиялық конференцияны біріктірді. Форум жұмысына алыс және жақын шетелдердің 18 елінен келген 250-ге жуық ғалым қатысты.
Форум бағдарламасы 4 секцияның жұмысын қамтыды, олардың аясында әлемнің әртүрлі елдерінен келген жетекші ғалымдар іргелі және қолданбалы ядролық физика, қатты дененің радиациялық физикасы, радиациялық экология, радиоэкология және ядролық криминалистикадағы талдау әдістері, медицина мен өнеркәсіптегі ядролық және радиациялық әдістер жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Форум шеңберінде ССР-Қ зерттеу реакторының іске қосылуының 50-жылдығына орайластырылған «Зерттеу реакторлары: қауіпсіздік, пайдалану, ресурстарды басқару» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, онда АЭХА (МАГАТЭ), «СНИИП-Систематом» ЖАҚ, Біріккен ядролық зерттеулер институтының «Реактор материалдары институты» АҚ, «Әзірбайжан Ұлттық ядролық зерттеулер орталығы» ЖАҚ, Алматы қаласы «Ядролық физика институты» РМК өкілдері сөз сөйледі.
Форум жұмысы кезеңінде атом энергетикасы, экология мен медицинаға арналған жабдықтар мен бағдарламалық жасақтамалардың көрмесі ұйымдастырылды.
«Біріккен ядролық зерттеулер институты» Халықаралық үкіметаралық ғылыми-зерттеу ұйымында Қазақстанның мүшелігіне 25 жыл толуына арналған кеңес өтті. Бүгінгі күні Біріккен ядролық зерттеулер институтының құрамына 18 мемлекет және қауымдастырылған 6 мүше-мемлекет кіреді.
Ядролық физика институтының 60-жылдығына арналған пленарлық мәжілісте форумның құрметті қонақтары мен қатысушыларының көзінше, Алматы қаласы «Ядролық физика институты» РМК Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының Радиациялық мәселелер институтымен және Еуропа ядролық зерттеулер жөніндегі ұйымымен (ЦЕРН) ынтымақтастық туралы екіжақты келісімдерге қол қойылды.
«Ядролық физика институты» РМК