ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков, бас директордың орынбасарлары Сергей Березин және Сергей Лукашенко «Ядролық қауіпсіздік: Қазақстан, РФ және АҚШ арасындағы табысты үш жақты өзара іс-қимыл және болашақ халықаралық ынтымақтастық сабақтары» тақырыбы бойынша ядролық мәселелерді талқылау форумының кезекті сессиясына қатысты.

Сессия 2016 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігінде өткізілді. Бұл іс-шара БҰҰ қарусыздандыру мәселелері жөніндегі басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Сессия жұмысына 60-тан астам БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері мен сарапшылары, байқаушылары, сондай-ақ МАГАТЭ, Еуроодақ, Африка Одағы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Араб мемлекеттері лигасы, СЕЛАК, КАРИКОМ, Америка мемлекеттері ұйымының және өзге де бірқатар халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қатысушылардың алдында БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары – қарусыздандыру мәселелері жөніндегі Жоғарғы өкілі Ким Вон Су және Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Әбдірахманов сөз сөйледі. Қазақстан Республикасы миссиясының басшысы көрнекті халықаралық аудиторияны Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесімен және Қазақстан басшылығының өзге де антиядролық және соғысқа қарсы бастамаларымен таныстырды.

Әрі қарай, негізгі баяндамашылар ретінде «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Эрлан Батырбеков, оның орынбасарлары Сергей Лукашенко мен Сергей Березин, АҚШ Қорғаныс министрлігі Ядролық қатерді азайту және қару-жарақты бақылау басқармасының өкілі Крейг Кэмпбелл және Ресей Федерациясының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілінің бірінші орынбасары Петр Ильичев өз баяндамаларын ұсынды.

Баяндамашылыр мен пікірталасқа қатысушылар бұрынғы Семей сынақ полигонындағы (ССП) Қазақстан, РФ және АҚШ арасындағы табысты үш жақты ынтымақтастық тақырыбын талқылады. Аталған полигонның Президент Н.Назарбаевтың көрегендігі, саяси ерік-жігері мен батырлығының арқасында біржола жабылғандығы атап өтілді.

Халықаралық қатынастарда, әсіресе ядролық салада сенімнің төмендеу үрдісі байқалған жағдайда, ССП-дағы тиімді ықпалдастықтың маңызы арта түспек. Қазақстан осы игілікті тәжірибені БҰҰ-ға мүше мемлекеттер арасында насихаттап таратуды қисынды деп санайды, өйткені бұл жайт ядролық қарусыздандыру, ядролық қаруды таратпау және тұрақты бейбітшілік құру мақсатын ұстанудың айқын белгісі болар еді. Кейбір келіспеушіліктерге қарамастан, тараптар соңғы жылдары қол жеткізілген жемісті ынтымақтастық үлгілерін атап өтті (Сириядағы химиялық қаруды жою, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге келу). Бұл жайт алдағы уақытта жетекші алпауыт мемлекеттерді ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саласында өзара іс-қимыл жүргізуге ынталандыруы тиіс.

БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері Қазақстанның жаһандық және өңірлік ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қомақты инвестицияларын атап көрсетті. Өткізілген іс-шара БҰҰ алаңында Қарусыздандыру комиссиясының 2015-2017 жылдар аралығындағы үш жылдық жұмыс кезеңіне еліміздің қосқан елеулі үлесі болды.

ҚР Ұлттық ядролық орталығының