Қазақстанда ядролық отын банкін құру туралы әңгіме қозғалғанына біраз болған. 2009 жылы ресми Астана осындай ұсыныспен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке (МАГАТЭ) шыққан.

Содан бері қаншама келіссөздер жүргізіліп, мәселе жан-жақты талқыланды. Өткен айда ел Үкіметі МАГАТЭ-мен жүргізілген келіссөздерді мақұлдаған болатын. Көп ұзамай халықаралық ұйым да осындай шешімге келді. Ядролық отын банкі – төмен байытылған уран халықаралық қорын Қазақстандағы Үлбі металлургия зауыты базасында құру жоспарланып отыр. ҮМЗ, көпші­лікке мәлім, «Қазатомөнеркәсібі» Ұлттық атом компаниясының құрамына кіреді. Ол негізінен, атом электр стансалары үшін отын таблеткаларын өндірумен айналысып келген. Енді міне, отандық зауыттың жауапкершілігі арта түспек. 60 жылдан астам тарихы бар зауыт ядролық материалдарды, оның ішінде төмен байытылған уранды сақтауда өте сенімді және тәжірибесі бар деп танылып отыр.

МАГАТЭ ядролық отын банкі ерікті салымдар негізінде қаржыландырылатынын айтқан. Донорлар ядролық банкті аяғынан тік тұрғызып, жұмысын жүргізу үшін шамамен 150 миллион доллар қажет деп шешкен. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, жаңа құрылған банктің донорлары да табыла бастады. Бірер күн бұрын әлемдік миллиардер Уоррен Баффет ядролық отын банкі үшін 50 миллион доллар бөлді. Екі жылдың мұғдарында елімізде ашылатын халықаралық ядролық банкке қажет қалған 100 миллион долларды Қазақстан, Еуропалық одақ, Кувейт, Норвегия, БАӘ мен АҚШ бөлетін болады. – Ядролық отын банкінде сақталатын төменгі активті, әлі байытылмаған уран. Қазақстанда мұндай банк ашу – дұрыс таңдау. Мұның маңыздылығы – атомдық отын базасын жасау біздің елімізге деген сенімді білдіреді. Әлемде жалғыз біздің мемлекетті «осы дұрыс, осылар сенімді, ядролық отын базасы осыларда болса кез келген уақытта алып, байытатынын байытып, заңды түрде жұмыс жасаймыз» деп жасалған әрекет бұл. Оның ар жағында бизнес тұр. Ядролық отын банкін құру жай отқа жағатын отын сияқты оны бір жерге апарып жинап қою емес, бұл – үлкен инфрақұрылым. Бұл жерде адамдар жұмыс істейді. Бұл бір өнеркәсіп сияқты ғой. Ол жерде отынның бәрін жинайтын, реттейтін, есептейтін, сосын тазалап тұратын, желдететін, жылытатын қаншама адам жұмыс жасайды.

Осы қызметтің бәрін атқаратын маман дайындалады. Соның айналасында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл – табыс табуға болатын бизнес көзі, – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Теориялық және ядролық физика кафедрасының профессоры Әділхан Әбілдаев. – Ядролық қоқыстарды бізге әкеліп ақша табуға болады деген мәселені айтып жүрмін. Бұл да сол сияқты, тіпті одан да маңызды деуге болады. Себебі, ядролық қоқысты ешкім ұрлап алып кетпейді. Оның ешкімге керегі жоқ. Ал мынау ядролық отын ғой, қып-қызыл ақша, табыс көзі. Отынды кейбір мемлекеттер өздерінде сақтауға қорқады. Себебі оны қорғай алмаймыз, ұрлатып аламыз деп те секемденуі мүмкін. Ал енді біз қорықпай, оның үстіне дүниежүзінің сенімді ел деп танығанының өзі – біздің және Елбасымыздың үлкен беделі. Ядролық отын банкін құру туралы тәуекелге барғанда бұл жерде еліміздің жоғалтатын ештеңесі жоқ. Ақшасын берсе, ядролық отынды сақтайтын қойманы жердің астынан үлкен сарай етіп саламыз. Жердің үстінде барлық инфрақұрылымдар болады. Оны салуда, сақтауда ешқандай қиындық жоқ. Біз өзімізге деген сенімді ақтауымыз керек. Бір жерге қойып қойса, ұрламай-ақ сыбайлас жемқорлықпен арзымаған ақшаға сатып алып кетсе не болады? Міне, біздің елімізді сондайларға жол бермейді деп үлкен сенім білдіріп отыр. Қытай, Ресей, Америка өздерінің ядролық отынын сақтап отыр. Дегенмен Қытай Ресейге беруге қорқады. Себебі, кейін бермей қоя ма деген де ой болуы мүмкін.

Осы жағдайда уран өндірісі, атомдық энергетика саласында өзіміздің көшбасшылық қабілетімізді тағы бір дәлелдеп отырғандаймыз. Бұл салада алдыңғы қатарда екеніміз көпке аян. База болмай тұрған күннің өзінде еліміз өндіріп отырған уран да аз емес. Мысалы, тура бүгінгі күні бірінші орынға шықпасақ та, екінші орында мығым тұрмыз.

– Уран өндіруден Канадамен тайталасып келеміз. Сол өндіріп жатқан өнімдерімізді Үлбі металлургия зауытында сақтап отырмыз. Соны тасымалдап, байытуға Ресейге жіберіп, Ресей оны байытып әрі қарай сатып, одан түскен пайданың 51 пайызын бізге беріп, 49 пайызын өзі алып қалып, сондай айналымды жасап жатқан жайымыз бар. Оның бәрі баяғыдан жолға қойылған мәселе. Бізге енді сырттан келген ядролық отынды да соларға қосып сақтау түк емес. Өзіңнің 1000 қойың болса, біреудің қосып қойған оншақты қойы ештеме болмай қалады ғой. Бұл да сол сияқты. Оның үстіне өз ядролық отынын алып келгеннен кейін кез келген ел қомақты қаржы төлейтін болады. Осы сенімді ақтап, ядролық отын банкін жолға қойсақ, ядролық қоқысты да алып келеміз. Бүкіл Еуропа ядролық қоқысын жіберетін жер таппай атом электр стансаларын тоқтатып тастады. Германияда тоқтаған атом электр стансалары өте көп. Себебі, шыққан қоқысты қоятын жер жоқ. Әзірге оған ешкімнің дәті бармай тұрған кезде ядролық қоқысты да алып қалу керек. Кейін инфрақұрылым, бәрі болғаннан кейін оны бізден ешкім алып кете алмайды. Ал ол – үлкен бизнес, – дейді профессор Әділхан Әбілдаев. – Кәсіпкерлердің арманы – ауадан ақша жасау. Мынау да тура сол ауадан ақша жасау болып тұр. Олардың бәрінің көзін ашып, ядролық отын банкін құрып, атом электр стансаларын салып, жұмыс істетсек, айналамыздағы елдердің бәрі «Осылар аман болса екен» деп бізді қорғап тұратын болады. Елге тек экономикалық жағынан емес, саяси жағынан да қолдау болады. Себебі, біздің елімізде олардың да қызығушылығы бар.

Қалай дегенде де ядролық отын банкін құрудағы ең басты мақсат – елдің экономикасын, халықтың тұрмысын көтеру. Оның үстіне бізде оған толығымен мүмкіндік бар екендігі. Ал тәуекелге бел байлау қашанда үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Айкын (Алматы)