ҚР ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбеков қазақстандық делегация құрамында 2017 жылғы 13-15 қарашада Вена қаласында өткен Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясының 49-сессиясына қатысты. Делегацияны Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай басқарды.
Өз сөзінде қазақстандық дипломат Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 29 тамызда Астана қаласында өткен МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі ғимаратының ашылу салтанаты барысында көтерген ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы бастамаларына, сондай-ақ Пагуош ғалымдары қозғалысының Астана қаласында өткен мерейтойлық конференциясындағы қорытындыларға тоқталды.
Қ. Сарыбай әлемдік қауымдастықтың назарын ядролық сынақтарға жедел түрде жаппай тыйым салу қажеттілігіне аудару мақсатында Қазақстан мен Жапонияның айтарлықтай жұмыстар жүргізгенін еске салды. ҚР Тұрақты өкілі Шарттың күшіне ену мәселесі жөніндегі конференцияда екі елдің тең төрағалығы шеңберінде 2015 жылғы қазанда Астана қаласында ЯСЖТШҰ тарихында тұңғыш рет Қазақстан мен Жапония көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ бүгінгі күнге дейін ЯСЖТШ-ны ратификацияламаған мемлекеттер басшыларын шарттың жедел күшіне енуі үшін ратификациялауға қажетті шаралар қабылдауға үндеп, бірлескен құжатқа қол қойғанын атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстанның ЯСЖТШҰ-ның Дайындық комиссиясының өз міндеттерін орындауына көмек көрсету мақсатында, атап айтқанда, Шартпен көзделген ядролық сынақтарды бақылау режимінің бүкіл элементтерін қалыптастыру бойынша саяси және практикалық қолдау көрсететіні атап өтілді.
Біздің еліміздің соңғы екі жыл ішінде ЯСЖТШ-ның күшіне енуіне ықпал ету процесі шеңберіндегі тең төраға ретіндегі қызметі ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі бастамаларын жүзеге асырудың жалғасы болды және біздің еліміздің ядролық сынақтарға жаппай тыйым салуды орнату процесіне қосқан кезекті қомақты үлесі.
ҚР ҰЯО