2018 жылғы 15-19 қаңтар аралығында Ұлттық ядролық орталықта ядролық және радиологиялық апаттарға дайындық бойынша жыл сайынғы тренинг-курс өтті.
Курстың мақсаты тыңдаушылардың радиациялық апатты жағдайларға уақтылы және тиімді ден қою шаралары туралы негізгі түсініктерін қалыптастыру, олардың дағдыларын арттыру және халықты қорғау техникаларына үйрету болды.
Оқу курсы өзінің қызметінде апаттық жағдайды бақылауды қалпына келтіру, халық пен қоршаған орта үшін апаттардың жағымсыз салдарының алдын алу және жеңілдету, апаттар салдарын жоюға қатысқан қызметкерлердің шамадан тыс сәулеленуінің алдын алу сияқты тәжірибелік мәселелермен тікелей немесе жанама түрде айналысатын мамандарға бағытталды.
Тренинг-курстың шеңберінде тыңдаушылар үшін барлығы 15 сабақтан тұратын теориялық дәрістер циклі, сондай-ақ 2 тәжірибелік сабақ пен 1 штабтық оқу өткізілді. Оқу тәжірибесінің тағы бір қызықты кезеңі Ұлттық ядролық орталықтың зертханасына бару болды. Дәріскерлер мен оқытушылар ретінде бұған дейін Жапонияда осы сияқты оқу курсынан өткен ҚР ҰЯО қызметкерлері (Коровиков П.Г., Көбенов А.М., Перепелкин А.И., Сәлменбаев С.Е., Тур Е.С.), сондай-ақ Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мамандары (М. Савада мен Ш. Тората) сөз сөйледі.
Бұл оқу курсы Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен ҚР Ұлттық ядролық орталығы арасындағы келісім шеңберінде 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Алты жыл ішінде Ұлттық ядролық орталықтың 60 қызметкері осы курсына қатысты.
Аталған курстың қатысушылары үшін өздерінің тәжірибелік және коммуникативтік дағдыларын арттыруға қосымша мүмкіндік жасалды, бұл олардың бұдан арғы кәсіптік қызметіне пайда берері сөзсіз.
ҰЯО