Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір барысында Жамбыл облысында Орталық Азиядағы қуаттылығы 50 мегаватт болатын «Бурное Солар-1» ірі күн электр станциясы іске қосылды, деп хабарлайды BNews.kz.

 

«Құрылыс жұмыстарына Еуропадан мамандар тартылып, «Samruk Kazyna — United Green» бірлескен кәсіпорыны да құрылған. Мұнда 192 мың энергия өндіретін күн панельдері қолданылады. Жобаның жалпы құны – 23,5 миллиард теңгені құрап отыр, бүгінде нысанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған», - деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, британдық инвестор «United Green» компаниясы жыл соңына дейін станцияның қуатын 100 мегаваттқа дейін арттыруды жоспарлауда. Бұл өз кезегінде 30 000 үйді энергиямен қамтамасыз етуге жеткілікті.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін дамытуда және оны пайдалануда республика бойынша алдыңғы орында келеді. Аймақта осы салада 12 инвестициялық жоба әзірленуде.

BNews.kz