Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың «Мақсатты бастамалар» атты бағдарламасы аясында Жапония АҚШ-тың Энергетика министрлігімен ынтымақтаса отырып, Қазақстанда ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығын құруға жәрдемдесетін болады. Бүгін «Манифест. Әлем. ХХІ ғасыр» ғаламдық даму қауіпсіздігінің жаңа парадигмасы» атты халықарлық форум барысында Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавэбата осылай мәлім етті.
Елшінің айтуынша, бұндай орталықты ашу ағымдағы жылдың аяғына қарай жоспарланған. «Дегенмен, биылғы жылғы маусым айының басында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың шақыруымен Жапонияға қазақстандық делегация келіп кетті. Қазақстанның Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау комитеті ядролық қорғау басқармасының басшысы Марат Шалдыбаев басқарған делегация Жапонияның ядролық таратпау және қуіпсіздікті қолдаудың интеграцияланған орталығы ұйымдастырған оқу курсына қатысты.
«Жалпы Жапония тарапы АҚШ Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталықтарын басқару бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Біз осынау орталық Қазақстанның ғана емес, тұтастай Орталық Азия өңірінің дамуына үлкен үлес қосады деп есептейміз», - деді Елші.
Сөз арасында Итиро Кавэбата 29 маусым күні Жапонияның Йокогама қаласында Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі ХІ халықаралық көрме өтетінін хабардар етті. «Біз оның барысында қазақстандық экспозицияны орналастыруға көмек көрсетуді жоспарлаймыз. Жалпы аталмыш шара Назарбаев Университеті мен Жапониядағы ЖОО-лар мен компаниялар арасындағы зерттеулер мен білім беру бағытындағы тәжірибе алмасуға зор септігін тигізбек», - деді Елші.
Конференцияға Халықаралық ғылыми-техникалық орталық сарапшылары да қатысқан болатын. Аталған Орталық Еуропалық Одақ, Жапония, Ресей және АҚШ мемлекеттерінің арасындағы келісім негізінде 1992 жылдың қарашасында құрылған үкіметаралық мекеме болып табылады. Қазақстан Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен ынтымақтастық туралы келісімге 1995 жылы қосылған болатын. Ал 2015 жылы 9 желтоқсанда Астана қаласында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімге қол қойылды. Осыдан бастап Қазақстан қабылдаушы мемлекет мәртебесіне ие болып, штаб-пәтері Астанада орналасты.
ҚазАқпарат