Жуырда Құрманғазы ауданындағы «Азғыр» сынақ полигоны аумағында орналасқан КСРО-дағы өте құпия 13Я «Ява» қондырғысы Қазақстанның иелігіне қайтарылды.

Полигонда жерасты ядролық жарылыстар жүргізілген технологиялық алаңдардан бөлек, Саров қаласынан келген советтік ядрошылар жасап шығарған 13Я «Ява» қондырғысы да орналасқан болатын. Бұл қуаттылығы 1 000 кг тринитротолуолға дейінгі жарылыстар сынағын жүргізуге арналды. Қондырғының басты бөлігі диаметрі 24 метрге жуық және тереңдігі 24 метр болатын цилиндрлік бассейн. Бассейнде қабырғаларының қалыңдығы 10 см-ге жуық және салмағы 470 тонна, диаметрі 12 метр, жоғары ішкі қысымға шыдайтын болат шар орналасқан.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар Министрлігінің ақпараты бойынша, кеңес уақытында «Ява» қондырғысында жарылыс әдісімен жасанды алмаз ұнтағы өндірілген. Кейбір мәліметтер бойынша, жалпы есеп бойынша 150 кг алмаз өндірілген екен. 1990-шы жылдардың басынан бастап қондырғы пайдаланылмай жатып қалған.
 

 - Мен Азғыр мәселесіне, соның ішінде 13Я Ява қондырғысына байланысты біраз құжаттар жинақтадым, - дейді Атырау облысынан сайланған сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ. – ҚР Үкіметінің 2003 жылғы қаулысына сәйкес, «Ява» қондырғысы «Біріккен ядролық зерттеулер институты» халықаралық үкіметаралық ұйымына (БЯЗИ, РФ, Дубна қаласы) берілген. Содан бері қондырғы, оны тасымалдау мүмкін болмағандықтан, ҚР Ядролық физика институтына жауапты сақтауға берілген. Ал, 2014 жылғы 30 желтоқсанда Біріккен ядролық зерттеулер институты «Ядролық физика институты» РМК-на Ява қондырғысын тегін беру-алу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Осы жылдың 7 сәуірі күні «Ядролық физика институты РМК «Ява» қондырғысын өз балансына алды.

Айта кету керек, Біріккен ядролық зерттеулер институты мен «Ядролық физика институты» РМК-і арасында Ява қондырғысын болашақта ғылыми мақсатта бірлесе пайдалану туралы ортақ келісім бар. 
 

azh.kz