ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі драйверлерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең бірінші кезекте адами капиталды дамытумен айналысатын боламыз. Бағдарламада оған арналған толықтай бір бөлім бар. Онда ақылды, кәсіби, цифрландыруды түсінетін адамдарсыз мұндай бейіндегі бағдарламаны жүзеге асыру өте қиын болатындығы жазылған. Сондықтан біз бұл бағдарламада ең алдымен адами капиталға баса назар аударамыз», - деді ол елорада өтіп жатқан «IoT Forum Astana-2017» форумында.
Оның айтуынша, екіншіден, Қазақтелеком және Қазақстанда тіркелген телекоммуникация саласының өзге де операторларының қатысумен инфрақұрылым дамытылатын болады.
«Біз бүкіл халықты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуіміз қажет. Яғни, цифрландырудың игілігі бүкіл азаматтарымызға қол жетімді болуы тиіс. Бұл тұрғыда оған қалай жеткізетіндігіміз жөнінде нақты жоспар, түсінік бар. Таяу уақытта БАҚ арқылы кең жолақты интернетке қол жетімділік бағдарламасы жайында ақпарат береміз», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, келесі кезекте цифрлық мемлекет құруға баса назар аударылады. Жалпы бұл бағытта елімізде біраз жұмыс атқарылған. Қазіргі уақытта Қазақстан электрондық үкіметті дамытуда 33-ші орында тұр. Алдағы уақытта көптеген мемлекеттік қызметтерді қағазсыз ұсыну жүзеге асырылатын болады. Ал ЭКСПО базасында жаңа стартаптарды құруды көздейтін инновациялық экожүйе «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының келесі бір драйверіне айналады.
«Бесінші - индустрияны цифрландыру. Бұл өнеркәсіп үшін өте маңызды IoT, интернетке қолжетімділік мәселелері. Оларды қолдану арқылы да мол тиімділік алуға болады. Бүгінде көптеген компаниялар осы процесте жұмыс істеуде»,- деді Премьер-Министрдің орынбасары.
ҚазАқпарат