Пресс-релиз ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӨНІНДЕГІ ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУЫ

Ядролық физика институты – Алматы қ., Алатау ықш.ауд., Ибрагимов к-сі, 1
2017 жылғы 12 мамыр, 10:30

2017 жылдың 12 мамырында сағат 10:30 Ядролық физика институтында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының ашылу салтанаты өтеді. Орталық ядролық материалдарды физикалық қорғау, есепке алу, бақылау және заңсыз айналымға қарсы әрекет жасау саласында қазақстандық мамандарды дайындау мақсатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен АҚШ Энергетика министрлігінің арасындағы әріптестік аясында құрылды. Келешекте аймақтық болатын оқу орталығы жаһандық ядролық қауіпсіздік жүйесінің элементтерінің бірі болуы тиіс.
Энергетикада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және медицинада кеңінен қолданылатын ядролық технологиялар, қазіргі уақытта дамыған елдер экономикасының ажырамас бөлігіне айналды. Сондай-ақ бұл технологияларда қолданылатын материалдар ядролық қаруды немесе «лас бомба» деп аталатын қаруды жасау үшін пайдаланылуы мүмкін, сондықтан олардың лаңкестердің қолына түспеуін болдырмау әрбір мемлекеттің міндеті болып табылады. Әлемде ең ірі уран өнеркәсібі, маңызды ядролық зерттеу инфрақұрылымы бар және атом станцияларын салуды жоспарлап отырған Қазақстанға физикалық ядролық қауіпсіздік саласындағы мамандардың біліктілігін көтеретін тұрақты жүйе қажет болады.
Оқу орталығын Алматыда құрудың маңыздылығы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттерде Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының бірлескен мәлімдемелерінде бірнеше рет айтылған болатын. Толығымен АҚШ Энергетика министрлігі арқылы қаржыландырылған Орталықтың құрылысы 2015 жылы желтоқсанда басталды және 2017 жылы ақпанда аяқталды. Орталық институтқа тікелей іргелес жатқан ауданы 0,7 га аумақта орналасқан.
Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин, Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының елшісі Джордж Крол, Алматыдағы АҚШ Бас консулы Марк Муди, АҚШ Энергетика министрлігі Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің, АҚШ Қорғаныс министрлігі Қатерді азайту жөніндегі агенттігінің, Халықаралық ғылыми-технологиялық орталығының, Қазақстан Республикасының атом саласы кәсіпорындарының жоғары қызметтегі өкілдері қатысатын болады.