2017 жылдың 12-15 қыркүйегі аралығында Алматы қаласында Ядролық физика институтының 60-жылдығына арналған «Ядролық ғылым және технологиялар» халықаралық ғылыми форумы өтеді. Ядролық физика институты ядролық және радиациялық физика, ядролық реакторлар және зарядталған бөлшектер үдеткіштері физикасы, қатты дене физикасы, радиациялық материалтану, радиоэкология, радиохимия, радиофармацевтика мен ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеу саласындағы әлемде танымал ғылыми орталық болып саналады.
Бұл форум ғылыми қауымдастық үшін маңызды бірнеше оқиғаны – дәстүрлі 11-ші «Ядролық және радиациялық физика» атты Халықаралық конференцияны, «Ядро-2017» Халықаралық конференцияны және 8-ші «Ядролық ғылым және оның қолданылуы» атты Еуразиялық ғылыми-тәжірибелік конференциясын біріктіреді. Сондай-ақ, форум шеңберінде «Біріккен ядролық зерттеулер институты» Халықаралық үкіметаралық ғылыми-зерттеу ұйымына Қазақстанның 25-жылдық қатысуына арналған кеңес өткізілетін болады. Қазіргі уақытта Біріккен ядролық зерттеулер институты құрамына 18 мемлекет пен 6 қауымдастырылған мүше-мемлекеттер кіреді.
Бұл форумның ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «Ядролық физика институты» РМК болып табылады.
Халықаралық консультациялық кеңес және Форумның ұйымдастырушы комитеті құрамына әлемнің көптеген елдерінен келген ядролық физика, атомдық энергетика, радиациялық материалтану, радиациялық экология және ядролық медицина салаларының алдыңғы қатарлды мамандары, және де бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері енген.
Форум бағдарламасына 4 секцияның жұмысы енеді, оның аясында бүкіл әлемнің әртүлі елінен келген жетекші ғалымдар ядролық және радиациялық физиканың, материалтанудың, радиациялық экологияның, талдау әдістерінің, медицина мен өнеркәсіптегі ядролық және радиациялық әдістердің өзекті мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.
Төмен және орташа энергиялы ядролық физика, атом ядроларының құрылымы және қасиеттері, басқарылатын термоядролық синтез, ядролық реакциялардың және ядролар құрылымдарының механизмдері, ауыр және асқын ауыр элементтер синтезі мен бөлінуі саласындағы зерттеулердің жаңа нәтижелерін талқылау жоспарланды.
«Қатты дененің радиациялық физикасы және материалтану проблемалары» секциясында қатты денелердегі ақаулардың қалыптасуы және эволюциясымен байланысты мәселелер, ядролық және термоядролық техниканың конструкциялық және отын материалдарының қасиеттерін зерттеу, сондай-ақ жаңа материалдар мен наноматериалдарды алу әдістері талқыланатын болады.
Конференция тақырыптамасында маңызды орынды бұрынғы ядролық полигондарды радиоэкологиялық зерттеу, радиациялық-қауіпті объектілер мен аумақтардың экологиялық қауіпін төмендету технологиялары, радиактивті қалдықтармен жұмыс істеу, сонымен қатар радиоэкологияның және ядролық криминалистиканың аналитикалық әдістерін дамыту алатын болады.
«Медицина мен өнеркәсіптегі ядролық және радиациялық әдістер» секциясының жұмысы ядролық және радиациялық технологияларды дамытуға, атқарылған жұмыстарды ядролық медицинада пайдалануға, сондай-ақ радиоактивті изотоптарды алу және қолдану технологияларына арналатын болады.
Бұдан басқа, форум аясында ССР-Қ зерттеу реакторының іске қосылуының 50 жылдығына арналған «Зерттеу реакторлары: қауіпсіздік, пайдалану, ресурстарды басқару» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілетін болады.
Форум жұмысына жақын және алыс шетелдердің келесі 16 елінен келген 200-ден астам ғалымдар қатысты болады: Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Венгрия, Германия, Италия, Моңғолия, Словакия, АҚШ, Түркия, Чехия, Жапония.

Конференция туралы аса нақты ақпаратты Сіз «Ядролық физика институты» РМК мына сайтынан ала аласыз: http://www.inp.kz